Емделушілердің міндеттері

Ең алдымен, емделушілер өз денсаулығын сақтау және нығайту шараларын қабылдауға міндетті. Емделуші өзіне-өзі қамқорлықпен қарамаса, тіпті ең озық медициналық технологиялар мен дәрігерлердің күш-жігері нәтиже бермейді.

Емделушілер емдеуші дәрігерге өз денсаулығы туралы толық және сенімді ақпаратты, сондай-ақ басқа да сұралатын ақпаратты беруі керек, өйткені, диагностикалық емшараларды (тексерулерді) және тиісті емдеуді таңдау (атап айтқанда, қолайлы дәрі-дәрмектерді таңдау) осы деректерге байланысты болады.

Сондай-ақ емделушілер тексеру (диагностика) және емдеу кезінде өз жағдайларының өзгеруі туралы емдеуші дәрігерге (және басқа медицина қызметкерлеріне) дереу хабарлауға міндетті.

Медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емделушілер тексеру, емдеу жоспарын сақтауға және емдеуші дәрігердің барлық тағайындаулары мен ұсыныстарын қатаң сақтауға міндетті.

Келесі әрекеттерге тыйым салынады: дәрі-дәрмектерді өз қалаулары бойынша қабылдау және оларды палатада сақтау, емдеуші дәрігердің қарауына немесе (диагностикалық, емдік) емшараларға келмеу немесе уақытында келмеу.

Зерттеулер жүргізуден, терапевтік манипуляциялардан және емдеудің кез-келген түрінен бас тартқан жағдайда емделушілер сырқатнамада (немесе арнайы формулярда) жеке қолтаңбасын қою арқылы бас тартуы керек.

Емделушінің өз құқықтарын жүзеге асыруы медицина персоналының кәсіби міндеттерін орындауына кедергі келтірмеуі, сондай-ақ басқа емделушілерге қолайсыздықтар туғызбауы, сонымен қатар, олардың құқықтарын бұзбауы тиіс.
Осыған байланысты емделушілер медициналық ұйымның ішкі тәртібін, қоғамдық орындарда жалпы танылған ережелер мен мінез-құлық нормаларын сақтауға, медицина қызметкерлерімен және басқа емделушілермен қарым-қатынаста құрмет пен әдептілік танытуға міндетті.

Емделушілер медициналық ұйымда белгіленген, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық режимді сақтауы, палатадағы тазалық пен тәртіпті сақтауға көмектесуі, орталықтың құрал-жабдықтары мен мүліктерін күтіп ұстауы керек.
Медициналық ұйымның мүлкi бүлiнген және өзге де материалдық залал келтiрiлген жағдайда, емделушілер олардың құнын белгiленген тәртiппен өтеуге мiндеттi.

 

Парақтар өзгертілді: 23-11-2021