Шығыс Қазақстанда нейрохирургия қызметінің 50 жылдығына арналған конференция өтеді

2026 жылғы 22–23 қазанда Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының базасында «Шығыс Қазақстан нейрохирургиясы: өзекті мәселелер, даму жолдары мен перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Іс-шара өңірдегі нейрохирургия қызметінің 50 жылдығына, Шығыс Қазақстандағы балалар нейрохирургиясының 20 жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылады.

Конференцияға Қазақстан мен Ресейдің жетекші нейрохирургтері, медициналық ұйымдардың өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері қатысады. Бағдарлама аясында ғылыми баяндамалар жасалып, кәсіби тәжірибе алмасу, сала ардагерлерін құрметтеу, сондай-ақ нейрохирургиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін талқылау жоспарланған.

Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ қолдауымен заманауи медициналық технологияларды енгізуге, сондай-ақ рамалық стереотаксикалық жүйені қолдана отырып операциялар жүргізуге ерекше назар аударылады.

Конференцияны ұйымдастырушылар:

* «Қазақстан нейрохирургтер қауымдастығы» ҚБ;

* «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ;

* Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы;

* ШҚО ДСБ «ШҚО ММО» ШЖҚ КМК;

* «Семей медицина университеті» КЕАҚ;

* «Семей медицина университеті» КЕАҚ Өскемен қаласындағы филиалы.

Конференция тәжірибе алмасуға, инновациялық тәсілдерді талқылауға және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналады. Іс-шара нейрохирургиялық көмекті одан әрі дамытуға және пациенттерді емдеу сапасын арттыруға бағытталған.

Медициналық ғылымды дамытуға және денсаулық сақтау тәжірибесіне озық технологияларды енгізуге қосқан үлесі үшін ұйымдастырушыларға, серіктестер мен демеушілерге алғыс білдіреміз.