Қабылдау бөлімшесі – аурухананың бет-бейнесі

Өскеменде облыстық медициналық орталықтардың бірінде қабылдау-диагностика бөлімшесі жаңартылуда.
Өздеріңіз білетіндей, театр ілгіштен, ал кез-келген аурухана қабылдау бөлімшесінен басталады. Көпшілікке алғашқы қалалық аурухана ретінде белгілі Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы Өскемендегі ең ірі медициналық мекеме болып табылады. Мұнда жыл сайын сегіз мыңға жуық операция жасалады, оның әрбір оныншысы жоғары технологиялық операция болып саналады. Алайда, соңғы жылдары емделушілер де, медицина қызметкерлері де аурухана ғимаратының қазіргі заман талабына сай еместігін айтуда – тозығы жеткен үй-жайларды, аурухананың госпиталдік логистикасының дұрыс жасалмағанын және тағы басқалары.
Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін келіп түсетін науқастардың бағытын жеңілдету, диагностиканы жеделдету және емдеуді тезірек бастау үшін медициналық орталықты жаңғыртуды қабылдау бөлімшесінен бастау туралы шешім қабылданды.
Медициналық орталықтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, стационарлық көмек көрсететін қабылдау бөлімшесінің қызметін жақсарту бойынша барлық талаптар мен стандарттарды ескере отырып, үй-жайлар жаңартылып, коммуникациялар ауыстырылып, заманауи медициналық жабдықтар орнатылуда. Сонымен қатар, травматологиялық пунктті №4 қалалық ауруханаға көшіру есебінен қабылдау бөлімінің аумағы ұлғаяды.
Қабылдау бөлімшесі триаж жүйесі негізінде жұмыс істейтін болады, яғни науқастарды емдеу тактикасы бойынша өзіндік штаб қызметін атқаратын болады.
Триаж жүйесі тиімді медициналық логистика болып табылады, соның арқасында дәрігер мен қажетті көмекті іздеген емделуші емес, медициналық персонал «осында және қазір» принципі бойынша жедел қызмет көрсетеді. Жүйе келген науқастарды келесі санаттарға бөлуді қамтиды: шұғыл, жоспарлы және өз бастамасымен мединалық көмекке жүгіну. Осыған сәйкес науқастарды әртүрлі мамандар емдейді, қабылдау бөлімшесіндегі дәрігердің міндеті осы санатты анықтау болып табылады.
«Мұндай жүйе қазақстандық емдеу мекемелерінің барлығында дерлік тиімді жұмыс істейді, - дейді медициналық орталық басшылығы, мұнда бастапқы қабылдау кезінде көмек көрсетудің бірнеше ағыны бар. Қызыл ағын  - дереу емдеуді қажет ететін науқастарға арналған, сары ағын да шұғыл, бірақ дәрігерлердің көмек көрсетуге уақыты бар, жасыл ағын - науқасты қабылдау, қызмет көрсету, жолдама беру және қажет болған жағдайда ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу.
Айта кететін жайт, қабылдау бөлімшесінің қызметі қазір де тоқтап тұрған жоқ. Дәрігерлер науқастарды кідіріссіз қабылдау үшін құрылысшылар ғимаратты бөліктерге бөліп қайта құру және қайта дизайн жасау жұмыстарын жүргізуде.

Қабылдау бөлімшесінің штатында 26 мейіргер, 7 терапевт дәрігер, сондай-ақ, 20-дан астам кезекші шұғыл көмек көрсетуші дәрігерлер бар: хирургтар, нейрохирургтер, реаниматолог-анестезиологтар, гинекологтар, травматологтар және т.б. Оларға да, емделушілерге де қолайлы жағдай жасалады.

«Жөнделген қабылдау бөлімшесінде заманауи тіркеу орны қарастырылған», - деп қосты дәрігерлер. – Сонымен қатар, шағын операциялық зал, сондай-ақ әйелдерді тексеруге, жұқпалы ауруға күдікті науқастарды оқшаулауға арналған бөлмелер болады. Бұл емделушілердің барлық санаттарына тез және тиімді көмек көрсетуге қолайлы болады.

Қабылдау бөлімшесіндегі жөндеу жұмыстарын аяқтау ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған, одан кейін жөндеу жұмыстары аурухананың басқа аумақтарында кезең-кезеңімен жүргізіледі.

 

Бахыт Сарсембаева