Медицина қызметкерлерінің спартакиадасы

Өскемен қаласында жыл сайынғы медицина қызметкерлерінің спартакиадасы өткізілді. Өздерінің кәсіби мереке қарсаңында қала медициналық мекемелерінің дәрігерлері, мейіргерлері, фельдшерлері, санитарлары және басқа да қызметкерлері халықты емдеу ғана емес, өз денсаулықтарына да салғырт қарамайтындықтарын көрсетті.  Осы жылғы спартакиаданың ұраны – «Дені сау дәрігер – дені сау емделуші».

Өскемен қаласының медициналық мекемелері ішінен 16 команда спорттың бес түрі - мини-футбол, арқан тарту, жеңілатлетикалық эстафета (ерлер мен әйелдер арасында ), шахмат және тоғызқұмалақтан жарысқа түсті.

Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың командасының капитаны Бегалинов Жасұлан – өңірге белгілі хирург, тамыр емдеуші хирург, трансплантолог дәрігер, спортпен де шұғылданады. Бұрын кикбоксингпен айналысқан болса, қазіргі таңда хирургке ең керегі – қолдарын сақтау үшін спорттың басқа түрлерін таңдайды.
– «Барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын және салауатты өмір салтының орталығына әр жыл сайын жоғары деңгейде осындай керемет іс-шара өткізгендері үшін алғысымды айтамын.

 – «Қозғалысты ұнатамын. Жұмыстағы әріптестерімізбен бірге жиі футбол ойнаймыз, қыста спортзалда жүгіреміз, шынығамыз. Спорт және медицина саласын ұнатамын!» - дейді Жасұлан Берікұлы.

Медициналық қызметкерлер спорттағы таланттарын ғана емес, музыкалды-театралдық өнерлерін де көрсетті. Әр команда өздерінің өзгеше сәлемдесулерін дайындап, қазылар алқасы оларға баға берді.

Қызметкерлердің жүлделі орындарға күресуі, ең бастысы – кәсіби мереке қарсаңындағы көтеріңкі көңіл-күйді және қиын, әрі игі іс -  адамдардың денсаулығын сақтауды таңдап алушылардың бірлік сезімін өшірмеді.